1 қыркүйек – Білім күні «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет»
3 "А" сынып оқушыларымен өткізген сабағымыз.Тақырыбы: «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» Мақсаты: Қазақстан Республикасы Конституциясының маңызын түсінуге бағыт беру.Ата Заң туралы білімдерін шыңдау. Білім күнін атап өту.Білімділікке, өз отанын сүюге, елжандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Өтілу орны: сынып Көрнекілігі: Қазақстан Республикасының рәміздері, .Ы.Алтынсариннің портреті, отан туған жер туралы суреттер,нақыл сөздер, мазмұнды суреттер.Әдісі: сұрақ-жауап, баяндау, түсінуге бағыт беру. 1.Мемлекеттік гимнді орындау. 2.Қызығушылықты ояту: ашық, жабық сұрақтар қойып ой шақыру. Бүгін қандай мереке? 1 Қыркүйек қандай күн деп түсінесіңдер? Мектепке не үшін келдіңдер? Білім алу не үшін керек деп ойлайсыңдар? Сен келген мектеп қалай аталады? Кел,балалар, оқылық! өлеңінің авторы кім екенін естеріңе түсіріңдер. (Кел,балалар, оқылық! ...) Бүгінгі білім күніне арналған тақырыпты таныстырамын. Мағынаны тану. Қайырлы күн, оқушылар! Барлығымыз да сағынышпен күткен «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты білім күніне арналған сынып сағатын бастаймыз! Сынып сағатының тақырыбын оқып, оның мағынасын өздері ашып, талқылайды Түсінуге бағыт беру: Балалар, бүгін бізде ерекше күн, бүгінгі сабағымыз біздің білім күніне, бірінші қыркүйек күніне арналған. 1 - ші қыркүйек күні барлық балабақшаларда, мектептерде басқа да білім беру мекемелерде сабақтар басталады. Бұл күн сендер үшін, яғни оқушылар үшін және біздер үшін, ұстаздар үшін үлкен мереке күні болып саналады. Әр бір мектептерде, балабақшаларда, басқа да білім беру мекемелерде тұңғыш қоңырау соғылады (қоңырау соққан баланың суретін көрсетемін). Осы тұңғыш қоңыраудан бастап күнделікті оқу басталады. Балалар, жақсы, білімді, тәрбиелі азамат болу үшін, ерінбей оқу оқып, білім алу керек. Ол үшін сендер мектепке күнде келіп, сабақ оқып, тәрбие алу керексіңдер. Сұрақ-жауап Ұлы ұстаз неліктен балаларды оқу білімге шақырды деп ойлайсыңдар? Ы. Алтынсариннің қандай еңбектерін білесіңдер? Ы.Алтынсариннен басқа тағы қандай ұлы адамдардың атауға болады? Осы өздерің атаған ұлы адамдардың еңбегіне қандай баға берер едіңдер? Неліктен? Еңбекқор болу не үшін керек? (оқушылар өз ойларын айтады) Біздің Қазақстан Республикасының елордасы қай қалада? Өте жақсы балалар. Айтыңдаршы, біз қай қалада туып, өмір сүріп жатырмыз? (балалардың жауабын тыңдау) Отан туралы, білім туралы қандай өлең жырлар білесіңдер? (оқушыларға алдын ала берілген тақпақтарын айтқызу және өз еркімен айтқызу) Отанды біз атамекен деп аялап атаймыз. Өйткені оны мекен еткен, бабамыз бен атамыз. Отанды әркім анасындай, қастерлейді бағалап Өйткені Отан анасындай, бізді өсірер аялап. «Пай, пай, пай! Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер, Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер!… Бас иіп, иіскеп топырағын, Тағзым жасамай өтпеңдер!» – деп М. Мақатаев айтқандай, ең біріншіден, туған жеріміз Қазақстанға тағзым етіп, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Жан шуағы, күн шуағы арай ма, Ұстаз деген әулиедей талайға Басын иіп өткен жоқ па біз түгіл, Әл - Фараби, Абай да! Қоңырау үні шарықта, Өзіңнің сиқыр тіліңде Қызмет көрсет халыққа Шақырып өнер – білімге. Жаңа оқу жылы жемісті Мерейі үстем жыл болсын Шәкірттеріміз өрісті Елім дер қыз бен ұл болсын! Сұрақ-жауап Балалар кеше ғана барлығымыз орталық алаңға шығып мереке күнін атап өттік. Ол қандай мереке еді? ( Ата Заң күні) Заң деген не? -Конституция деген не? (балалардың жауаптарынан соң өзім түсінік беріп, сұрақ қоя отырып түсінуге бағыт беремін) Ғасырлар бойына адам-бір-біріне зиянын келтірмес үшін өз мінез құлықтары ережесін ойлап тауып, оны үнемі жетілдірумен болды. Осындай ізденістің ең соңғы жетілген қорытындысы ретінде құқық дүниеге келді. Қаншама қиындық көрсе де, Қазақ елінің аумағында ғасырлар бойы шапқыншылық болып, астан - кестең оқиғалар мен өзгерістер орын алса да қазақтар, яғни, көне дәуірден бастау алған ата - бабамыз екі құндылықты мәңгілік сақтап қалды, ол Сөз құдіреті мен Заң құдіреті. Еліне арналатын тілегі шын, Ей, ұлым – Отанымның түлегісің! Іргесін туған елдің тіреп тұрған Қадірін Ата Заңның білемісің?!, Дүниеге келген адамдардың барлығы бір заңға бағынады. Әр елдің өз азаматтарына арналған заңы бар. Ол Конституция деп аталады. Заң дегеніміз-құқық көзі. Заң адамдардың құқығын қорғайтын ең жоғарғы құқықтық күші бар нормативті акт. Қазақ хандығының заманында да ұлан-ғайыр ел мен жерді билеген заң-жарғылар болған. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің жеті жарғысы, билер заңы бүгінге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Қазіргі Тәуелсіз еліміздің, Ата заңымыздың арқасында бүкіл дүниеге атымыз мәшһүр болып жатыр. Конституция күні - еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі. Осы күнге орай Қазақстан халқын Ата заң күнімен шын жүректен құттықтаймын! Хақымызға береке-бірлік, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Ел аман, жұрт тыныш болсын! 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Ол 4 бөлім, 21 тараудан тұрды. Алайда уақыт өте келе 1995 жылы 30 тамызда біздің қоғамымызда өзгерістерге, жаңа талаптарға сай толықтырылған жаңа Конституциясы өмірге келді. Қазіргі Ата Заң 98 баптан, 9 бөлімнен тұрады. (төмендегі баптарды балаларға алдын ала берілген тапсырма ретінде сұраймын) 7 – бап Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тiлi. 9 – бап Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Гимнi бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртібі конституциялық заңмен белгiленедi. 15 – бап Әркiмнiң өмір сүруге құқығы бар 29 – бап Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар. 30 – бап Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi. Орта бiлiм алу мiндеттi делінген. 34 - бап Әркiм Республиканың мемлекеттiк рәміздерін құрметтеуге мiндеттi. Біздің міндет - Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ». Ата заң туралы түсініп білдіңдер деп ойлаймын. Енді білім күнінің тақырыбына байланысты қандай өлең тақпақтар білетіндеріңді ортаға салайық. Оқушылар алдын ала алған мектеп, білім күні, туралы тақпақтарын айтып шығады. Өмір бойы мектебімді жыр етем, Бір өзіңде бақыт, білім, берекем. Шәкірттерің өрістесін, өрлесін, Құтты болсын «Білім күнің »- мерекең! Т.б өлең жырлар айтылады. Қорыту: Бүгінгі сабақтан не білдіңдер? 1 қыркүйек қандай күн екен? Оқысаңыз балалар Шамнан шырақ жағылар Тілегенің алдыңнан Іздемей - ақ табылар –дегендей 2 сыныпқа аяқ басып отырған шәкірттерім, білім күні құтты болсын, алтын ұя мектебімізде білім нәрімен сусындап, жарқын болашаққа сеніммен қарайық. Құрметті оқушылар сендерге жаңа жетістіктер, шығармашылық ізденіс, мықты денсаулық, күш-жігер, сәттілік тілеймін!