Құстар - қанатты достар » Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп
Жетісу облысы білім басқармасының
Панфилов ауданы бойынша білім бөлімінің
"Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72774) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72774) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
29
апрель
2022

Құстар - қанатты достар

Сабақтың тақырыбы: Құстар   -  қанатты достар

Мақсаты:

Білімділігі: Оқушыларға  құстар   жайлы мағлұмат беру, құстарды қорғау, оларды қарсы алу. Халық қазынасы  мақал - мәтелді, жұмбақ,  болжамдарды пайдалана білуге үйрету; 

Дамытушылығы: Оқушылардың сөздік қорын, сөйлеу мәдениетінің белсенділігін дамыту.

Тәрбиелік:  Отанын, жерін, табиғатын сүюге, аң - құстарға қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Түрі: жаңа білім беру

Әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, түсіндіру, видео көру, ойын, жұмбақ шешу, мақал- мәтел  айту; 

Сабақтың көрнекілігі: Құстардың суреті, үнтаспа, қанатты сөздер, шар, гүл, көктем көрінісі.

Көктемнің   келуі: Мен өздеріңнің сүйікті көктемдерің боламын. Барша тіршілік атаулыға жан беріп, сән беретін менмін. Менің келуіммен табиғатта көрікті тіршілік басталады. Менімен бірге көркімен де, әсем әуенімен де сымбатты менің достарым құстар да келе жатыр.

Мұғалім: Иә, көктемнің келуімен бірге біздің жылы жаққа кеткен құстарымызда  өздерінің туған жеріне оралады. Міне, біздің де бүгінгі тәрбие сағатымыз « Құстар - қанатты достар» деп аталады. Көктем, біздің сабағымызға қош келдіңіз, төрлетіңіз!

Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! «Құстар –қанатты достар» атты

тәрбиелік іс - шараны бастауға рұқсат етіңіздер. Кәне, бір сәтке көзімізді жұмып отырып, әдемі бір музыка тыңдайықшы!

Тренинг «Өзіммен өзім»

Үнтаспадан, ормандағы табиғаттағы құстардың алуан түрлі дыбысы, өзеннің  ағысы естіліп тұрады.

Музыка аяқталған соң оқушыларға сұрақ қойылады.

-Қәне, балалар, біз жаңағы музыкадан нені сезіндік?  (Оқушылардың жауабы тыңдалады)

1 – кезең: Құстар туралы өлеңдер оқу

2 – кезең: Құстарға  арналған   халық болжамдары

3 – кезең: «Кім жылдам ойыны»

– кезең: «Сен құстарды білесің бе»  жұмбақтар сайысы

5 – кезең: Құстар жөнінде викториналық  сұрақтар

1 – жүргізуші Әлихан: Балалар, біз бүгін табиғаттың бір бөлігі құстар туралы әңгіме қозғаймыз.

Құстар бау - бақшаның сәні, емшілері. Олардың сазды әуені  табиғатты құлпыртып, адамдардың көңіл күйіне әсер етеді. Біздің халық  ежелден - ақ құстарға әуес, оларға  деген сүйіспеншілігін шексіз дәріптеп, ең  жақсы көретін адамды құсқа теңеген.

2 – жүргізуші Қарақат: Балалар табиғатты құстарсыз елестету мүмкін емес. 287 түрі қызыл кітапқа енген. Олар табиғатты зиянкестерден қорғайды. Сондықтан олар табиғат емшілері. Олар тіршілік иелері. Олар ұрпақ өрбітеді. Балапандарын   қанаттандырып, жауларынан қорғайды. Құстар табиғатқа сән береді. Жыл құсы дегеніміз – салқын түссе жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде қайта ұшып келетін құстар.

Асанәлі: Балалар, 1- сәуір күні құстар мерекесі  деп аталады. Өлкеміз, өзен мен көлдеріміз, тау мен бақшаларымыз құстардың қиқуына бөленеді. 

Айзере: Біздің елімізде көктем шығысымен қайнаған еңбек басталады. Ол еңбектің нәтижелі болуына құстар көмегін тигізеді. Олар зиянды жәндіктерді, кенелерді құртып, егін мен орманды қорғайды.

Жанерке: Қазақстанда қанаттылардың 481 түрі мекен етеді. Ал бүкіл жер шарында тоғыз мыңға жуық түрі бар. Әр құстың өз «кәсібі» бар. Біреулері ән айтса, екіншілері – құрылысшы.  Құстар сонымен бірге  «дала дәрігері» деп те аталады екен. Құстардың келтіретін пайдасы өте көп.

Мұғалім:  Балалар құстар жалпы  екі топқа    бөлінеді. 

  • Үй құстары
  • Жабайы құстар

Бүгінгі  тәрбие   сағатымызда  осы  құстарға   байланысты  2 топқа  бөлінеміз.

Үй құстарына қандай құстар жатады  деп   ойлайсыңдар?

Үй құстары: тауық,  қаз, үйрек, үндік.  Олар адамның көмегінсіз тіршілік ете алмайды.

-Ал,   енді   қандай жыл құстарын білесіңдер? (Барқылдақ, торғай, суық торғай, бозторғай, қарлығаш, шымшық, көкек, қара торғай т. б. )

-Оларды не үшін жыл құстары дейміз? (Олар алысқа ұша алады. Суық түсісімен алыс жақтарға ұшып кетеді де көктемде біздің  жаққа  тіршілік етуге  қайтып оралып, ұя салады, балапан шығарады)  

-Қыстап қалатын құстарды білесіңдер ме? (ұзақ қарға, тоқылдақ, сауысқан, сары шымшық, көгершін)

-Дұрыс. Олар ешқайда кетпейді. Жыл бойы біздің жақта тіршілік етеді. Бұл құстар суыққа төзімді келеді. Қандай аяз болса да өз қоректерін тауып жейді екен.

Олай   болса  тақтаға  назар   аударсақ  құстар  туралы мағлұматпен  таныс болайық...

Слайд   тақтадан   видео  көру.   

Ал,  енді балалар құстар туралы өлеңдер оқысақ  қайтеді! Қане  кім оқиды?

1 – оқушы   Жанали

Құстар тойын құттықтап,

Қуанамыз, қолдаймыз.

Ұя жасап құттықтап,

Біз оларды қорғаймыз.

2 – оқушы  Айзере

Сағынышпен  жеткен,

Қуана бер  көктем.

Жайнап  нұрлы   гүлің,

Басқар  құстар   күнін.

Көкек: Эсма

Жаршысы көктемнің

«Көкек» дейді мені жұрт

Өз атын айтар құс менмін

Көктемді күтсең мені күт

Қараторғай: Арсен

Мен қараторғаймын.

Шегірткеден жұртыңды

Қырғи болып қорғаймын.

Егістікке жайылымға

Қорғаушы боп тұрамын.

Торғай: Інжу

Мен торғаймын,торғаймын.

Көк аспанда шарлаймын

Жерге бетер қонбаймын

Суықтан да тоңбаймын.

Құрт –құмырсқа,шіркейден

Бау-бақшаны қорғаймын.

Тоқылдақ: Ерсұлтан

Құртты іздеп інінен
 Қарағайды үңгіген.
 Тоқылдақ құс дәрігер
 Қашанда ол әбігер

Көгершін: Диас

Бейбітшілік құсы  – менмін көгершін,
 Жер жүзінде бейбіт еңбек көгерсін,
 Аспан тұнық ,шат көңілді болайық,
 Ақ ниетті адал жандар көбейсін.

Қарлығаш: Мейірім
 
Мен адамның тұрағын
 Мекен етіп тұрамын.
 Тазалаймын үй –ішін
 Санитармын төселген

Тырна: Даулет
 Тырау, тырау тырналар
 Жем іздесең қырға бар
 Қырда бірақ, түлкі бар,
 Сақ болмасаң жұлмалар

Қарға: Жеңіс
 Қарға, қарға, қарғалар,
 Қар үстінде жорғалар.
 Боран соқса қар болар,
 Бұтаға қонар қарғалар.

Қаз: Айзере 
 Ой, балалар, балалар,
 Жылы – жылы, жел соқты.
 Жылғалардан су ақты,
 Қаңқыл – қаңқыл қаз кетті.

Аққу: Жанерке
 
Құс сұлуы аққумын.
 Табиғат көркін сыйлаған.
 Сұлулықты паш етіп,
 Жырлаған талай ақындар,
 Нәзік үнді, көл көркі,
 Құс патшасы мен болам. 

Бұлбұл: Жантөре
 
Мен еркін бақытты бұлбұлмын,
 Бұлағын тасытқан ән – жырдың.
 Тамаша тамылжып шырқаймын,
 Шаттығын тауыса алмай әр күннің.

Үкі: Нұртас
 
Үкі едім, ұшып қалықтаған,
 Құртудан зиянкесті жалықпаған.
 Үкіні үлпілдеген киелі деп,
 Бұрыннан – ақ адамдар тағып алған.

Ән: Жапбарберген  Жанеркенің   орындауында «Мен  қазақтың қызымын»

2-жүргізуші:Құстарға арналған халық болжамдарын тыңдайық.

*Құс жүнін үрпитсе — жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді.

*Сары шымшық ысқырса — шынымен күз болғаны.

*Шымшық ұя салса — қыс қатты болады.

*Қарға қарқылдаса — қар жауады.

* Ашаршылық жылдары саятшылар аңдарға бүркіт салып бір ауылды асырапты .Бүркіт балыққа да түскен.

 *Бір жылдары Өскемен жерінде жер сілкінгенде, тек қарлығаштар

  ұя салған үйлер ғана аман қалыпты.

 *Жаугершілік заманда кептерлер «пошташы »құстар деп аталған.

 *Шымшық ұя салса, қыс қатты болады.

*Қарлығаш жоғары ұшса, күн жылы болады, ал төмен ұшса жаңбыр жауады.

*Көктемде қаздар қайтқанда жоғары ұшса, су тасқыны болады.

*Жаңбыр жауарда қарғалар у — да шу болады.

*Шағала келсе сең бұзылады.

*Жыл құсы қаптап келсе, көктем ерте келеді.


Мұғалім: «Кім жылдам ойыны» Оқушыларға белгілі бір құстың суреті беріледі, сол суретті жылдамдықтарын, шапшаңдықтарын байқата отырып, қиылған құс бейнесін құрастыру.

Мұғалім: «Сен құстарды білесің бе»  жұмбақтар сайысы.

Көктемде құстар қайтқанда,

Ең алдымен келетін.

Өзіміз күтіп алатын,

Ұя жасап беретін,

Бұл қандай құс, балалар?(Қараторғай)

Маң - маң басқан жүрісі,

Барлық құстың ірісі.

Қашқанда құстай ұшпайды,

Қуғанын бірақ ұстайды.(Түйеқұс)

Ұя салып, балапан баспайды

Өз атын атап қақсайды(Көкек)

Ұшқанда тізіліп жұбын бөлмейді,

Қонса көл суы сирақтан келмейді(Тырна)

Мысық құлақты,
 Бүркіт тұяқты. (Үкі)
 Ақ сарайын талқандап,
 Шықты біреу талтаңдап. (Балапан)
 Жем көрсе
 Шықылықтап қалтаңдайды.
 Сескенсе,
 Жыпылықтап жалтаңдайды. (Сауысқан)
 Көктемде ұшып келеді
 Жаздай концерт береді. (Бұлбұл)
 Тоқылдатып,
 Мазаны ап,
 Ағаштарды тазалап
 Орманды емдейді
 Зиянкесті жазалап. (Тоқылдақ)
 
Ән:   Қайрат   Қарақаттың  орындауында:   «Туған жер»

Топтық жұмыс: оқушылар, құстар жөнінде викториналық  сұрақтарға жауап берейік.

1.Қай кішкене құс жемін ұшып жүріп аулайды?  /қарлығаш/

2. Әлемдегі ең үлкен құсты ата./ түйеқұс/

3. Қай құс өз атын өзі қайталайды?/көкек/

4. Шағала немен қоректенеді?/Шағала балықпен қоректенеді/

5. Жұбын жазбайтын су құсы. /Су құсы-аққу/

6. Батылда, ұшқыр, тұмсығы өткір, ірі денелі жыртқыш қай құс? /бүркіт/

7. Қандай құс хат тасушы атанған?/Көгершін/

8.Көктем айларын атаңдар: /Наурыз, сәуір, мамыр/     

9.Құстар балапандарын қайда өсіреді? / ұяда/

10.Ең алғаш шығатын гүл?  /бәйшешек/

11.Қандай құстың құйрығы айыр?  / қарлығаш/  

12.Адамдар көктемде қалай киінеді? / жеңіл,  жұқа/

13.Түнде ұшатын құстарды атаңдар –  / жапалақ,  жарқанат/

14.Орман дәрігері?  /тоқылдақ/

15.Қандай құс жұмыртқасын басқа ұяға салады?    /көкек/

16.Сөйлейтін құс?  /тоты құс/

17.Бейбітшілік құсы?  /көгершін/



Оқушылар  хормен:

Құстар – біздің досымыз,

Шырқап әнге қосамыз.

Құстар — біздің досымыз,

Көктем сайын тосамыз.

Би:  қыздардың   орындауында 


Мұғалім: Міне, құрметті көрермендер осымен«Құстар – қанатты достар» атты тәрбие сағатымызөз мәресіне жетті.