Ұлылықтың басында ұстаз тұрар /Ардагер ұстазбен сұхбат/ » Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп
Жетісу облысы білім басқармасының
Панфилов ауданы бойынша білім бөлімінің
"Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72774) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72774) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Ұлылықтың басында ұстаз тұрар /Ардагер ұстазбен сұхбат/
01
ноябрь
2021

Ұлылықтың басында ұстаз тұрар /Ардагер ұстазбен сұхбат/

Ұлылықтың басында ұстаз тұрар

/Ардагер ұстазбен сұхбат/

Төрткүл дүниені табаның тесіліп,төрт айналсаң да таптырмайтын, сатылмайтын -сана мен зерде, білім мен ілім емес пе? Олай болса, ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беруге өмір жолын арнаған мектебіміздің ұлағатты ұстазы, көшбасшысы болған Нұрғайша апайымыздың орны ерекше.  «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің иегері, ауданымыздың құрметті азаматы, 1987-1999 жылдар аралығында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры, әр шәкірттің жүрегінен жол таба білген ұлағатты ұстаз, қазіргі таңда бейнетті еңбектің жемісін көріп отырған зейнеткер ұстаз-Шайдильдинова Нұрғайша Мұсақанқызын 80 жасқа толған  мерейлі мерейтойымен құттықтаймыз! Осы мерейтойдың қарсаңында ардагер ұстазымызбен сұхбаттасу бақыты маған бұйырған екен.

 Қиясына өмірдің өрлеп көрді, 

Ел-жұрты үшін ерінбей еңбектенді.

Ортамызда ақылшы Нұрғайша апайымыз,

Сеңгіріне сексеннің сергек келді.

Еркелетіп немере, шөбересін,

Кәрілікті апамыз елемесін,

Алтынсарин ұжымы құттықтаймыз,

Тіршіліктің қызығын көре берсін,- деп шын ниетімізбен құттықтай отырып, сұхбатымызды бастаймыз. 

Тілші:

-«Үлкендер жолы-ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» -демекші, өзіңіздің басқарушылық қызметіңіз туралы кеңінен тоқталып өтсеңіз?

- 1971 жылы аудандық білім бөлімінің бұйрығымен  қаладағы үлкен қара шаңырақ  Ы.Алтынсарин мектебіне өз мамандығым бойынша ауыстым. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты таңдағаннан бастап, сан мыңдаған жас ұрпақтың болашақ пен жалғастырар алтын көпіріне айналған 

еңбегімді зейнетке шыққанша, бір мектепте 30 жыл істеп жалғастырдым. Исаев Жақсыбай ағайдың сенімін ақтайын деп бар күшімді салып жұмыс істедім.1987 жылдан бастап аталған мектепте директор  болып тағайындалдым. Барлық ыстық-суығы да менің мойнымда болды. Қоғамдық жұмыстарға көп араластым.1999жылы зейнеткерлік жасқа толып,зейнетке шықтым.

Тілші:

-«Ұстаз болу- жүректің батырлығы» дейді. Ал жақсы ұстаз болу үшін адам нені білуі және үйренуі қажет?

- Ұстаз! Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Ұстаз —  ұлағатты есім. Шәкірттеріңізді білім нәрімен сусындатып, тәлім тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойларына дарытып, адамгершілік рухта бағыт — бағдар беруде еңбегі зор. Жас мұғалімдер кәсіби шеберлігін шыңдау керек, шығармашылығын дамыту жолында аянбай еңбек ету керек. Ең бастысы-баланы жүрекпен жақсы көру керек.



  Тілші:

 -«Ұстаздың қанша жақсы шәкірті болса, сонша мекені бар» дейді.Сіздің шәкірттеріңіз қазір қандай салада қызметтер атқарады?

- Ісім оңсын десеңіз,
 
Сол істің маманы болыңыз.
 
Даңқым шықсын десеңіз,
 
Көпшіліктің адамы болыңыз, — деп Әл-Фараби атамыз айтқандай, өз істерінің маманы бола білген шәкірттерім өте көп. Олардың көпшілігі осы ауданымызда елеулі еңбек етуде. Бірқатары Алматыда. Шәкірттерім әлі де хабарласып, іздеп келіп тұрады.

 Тілші:

 -«Жапырағын жайған бәйтерек, тереңге тартқан тамырын» демекші, ардагер ұстазымыздан, сізден, бәйтерек ағашына ,жас мұғалімдерге, арнап тілек қалдыруыңызды сұраймыз.

-Қазіргі заман талаптарына сай жаңа сабаққа қойылатын талаптарды меңгеру, бүгінде білім – өркениетті елдердің құнды капиталына, сенімді тірегіне айналуда, білім менеджментін дамыту мен үздіксіз білім алуды мақсат еткен, болашақтың құзіретті тұлғасын тәрбиелеудегі зор міндетті жүктеген жас маман — болашақ ұлт ұстазы-  Сіздерсіздер!   Жас ұрпақтың  жарқын болашағына жұлдызды жол салатын, құзіретті  тұлға, жас маман да—   Сіздерсіздер! Сіздерге — Ақ жол!
 
Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,

Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
 
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар

Өздеріңнен бастау алар бар арман.

- Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ардагерлеріміздің  орны ерекше.Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз  жетістіктерге жеткен аяулы ардагер ұстаздарымызға салиқалы сұхбаты үшін алғыс білдіреміз.

Зерделеп өнегені бала жастан,
 
Ұстаз болып жаралған әуел бастан.
 
Жылы жүрек, жүзінде мейірім – шуақ,
 
Ғибраты ұстаздың – ұлы дастан.

 -Олай болса, құрметті Нұрғайша Мұсақанқызы, деніңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, мерейлеріңіз үстем болып, ұзақ ғұмыр кешіңіз демекпіз.


Сұхбаттасқан   Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Көбенбаева Сандуғаш Батыканқызы